Тайынша ауданының Летовочное ауылында «Ауыл құтқарушылары» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы өтті.

Өрт сөндіру бекеті толыққанды жұмыс істеуге қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтылған. Еріктілердің иелігінде жылы гараж, автономды сумен жабдықтау жүйесі және жабдықталған тұрмыстық бөлмелер бар. Жылдамдық пен жедел әрекет ету деңгейін арттыру мақсатында ТЖД тарапынан өрт автоцистернасы мен қосалқы тіркеме, өрт сөндіру жабдықтары мен құралдары, сондай-ақ жауынгерлік киім мен арнайы формалар берілді. Бұл бекеттің ашылуы Летовочное ауылдық округіне қарасты алты елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған елді мекендерде шамамен 1300 адам тұрады. Нәтижесінде төтенше жағдайларға әрекет ету уақыты едәуір қысқарып, өрттен келетін шығын азаяды.