Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан дәстүрлі Жаңа жылдық шырша мерекесі ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген әлеуметтік осал санаттағы, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, сондай-ақ оқу озаттары мен өнерлі өрендер қатысты.

Іс-шара аясында «Ең ерекше костюм» байқауы ұйымдастырылып, қатысушылар қиялға толы, көз тартарлық образдарын ұсынып, өздерінің шығармашылық шеберлігімен көпшілікті тәнті етті. Ерекше костюмдер мерекеге сән беріп, көрермендерді таңғалдырды. Балалармен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов тілдесіп, естелік суретке түсті.

СНХ: АЛЬБИНА ҚОЖИНА, ҚАТЫСУШЫ

Кейін кеш мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар сахнада өз өнерлерін көрсетті. Ән мен би, театрландырылған қойылымдар көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Кештің көркін аша түсу үшін ортаға Аяз ата мен Ақшақар шығып, балаларды мерекемен құттықтады. Ертегі кейіпкерлерінің келуі іс-шараға ерекше сән беріп, кішкентай қонақтарға шаттық пен қуаныш сыйлады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жаңа жылдық шыршасына өңір аудандарынан келген 200-ге жуық бала қатысты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бүлдіршіндерді Мемелекет басшысының атынан құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

2026 жыл – Жылқы жылы. Сол себепті іс-шара аясында Қамбар ата төлінің Солтүстік Қазақстан жерінде қолға үйретілгені туралы айтылып, балалар мен қонақтарға қызықты мәліметтер берілді. Сонымен қатар, сахнада өнерпаздар өз шеберліктерін көрсетіп, көрермендерді өнерімен тәнті етті.

Іс-шара соңында балалар шыршаның жарқырағанын тамашалап, ортаға шығып би билеп, ән шырқады. Мерекелік көңіл-күй кішкентай қонақтарды ертегі әлеміне түскендей сезімге бөледі.