«Amanat» партиясы алаңында полицейлер мен мемлекеттік органдар өкілдері заңсыз тасымал мәселесін талқылады. Жолаушыларды рұқсатсыз тасымалдау – жолдағы қауіпсіздікке елеулі қатер төндіреді. «Көлеңкелі» такси жүргізушілері жол ережесін әрдайым сақтай бермейді, олардың жолаушылары сақтандырылмаған, ал өмірі мен денсаулығы үшін ешкім ресми жауап бермейді.
Кездесу үш күнге созылған «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында өтті. Тексеру барысында полицейлер 24 заңсыз тасымал фактісін, 5 заңсыз қайта жабдықтау жағдайын және техникалық байқаудан өтпеген көлікпен жолаушы тасымалдаудың 32 дерегін анықтады. Сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізген бір заңсыз тасымалдаушы ұсталды. Мәселені тек жазалау шараларымен шешу мүмкін емес екені айқын. Сол себепті кездесуде полиция қызметкерлері «көлеңкелі таксистерді» заңдастыру жолдарын талқылауды ұсынды.
СНХ: Александра Сысоева – «Петропавл автовокзалы» ЖШС директоры
Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл жұмыстың мақсаты – «жеке тасымалдаушыларды» жолдан ығыстыру емес, оларды заң аясында жұмыс істеуге шақыру. Бұл өз кезегінде жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Кездесу нәтижесінде бірқатар ұсыныстар жасалды. Автовокзал базасында тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Сонымен қатар, полицейлер мен көлік бақылау инспекциясына «көлеңкелі тасымалмен» айналысатындарды анықтау бойынша рейдтерді күшейту ұсынылды