Петропавлда әйелдерге арналған түзету мекемесінде бейнетаксофон жүйесі енгізілді. Жаңа жоба – Мемлекет басшысының тапсырмасы мен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл бастама, әсіресе кәмелет жасқа толмаған балалары бар аналарға арналған.
№50 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдер енді бейнеқоңырау арқылы жақындарымен байланыса алады. Әрбіріне жеке ID-код берілген. Қоңыраулар тек жеке істе алдын ала тіркелген нөмірлерге ғана жүзеге асырылады. Туыстарына ыңғайлы болу үшін «Soilephone» мобильді қосымшасы жасалған. Оны Google Play арқылы жүктеп алып, байланысқа төлемді өздері жасай алады. Бейнеқоңыраудан бөлек, аудио және бейне хабарламалар, SMS алмасу да мүмкін. Барлық ақпарат қорғалған серверде сақталады, бұл деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жаңа жүйе сотталғандардың психологиялық жағдайын жеңілдетіп, отбасылық байланыстарын сақтауға және жазасын өтеп шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етпек. Жобаны облыстық прокуратура, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және «Жас Тарлан» компаниясы бірлесіп жүзеге асыруда.
СНХ:ӘЛИЯ ҚҰСАЙЫНОВА, СҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ