97 жасқа қараған шағында ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті ардагері Олжабаев Зейнолла Олжабайұлы өмірден озды.

Зейнолла Олжабайұлының өмір жолы - еліміздің ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды ғұмыр. Ол бар саналы өмірін туған өлкесінің игілігіне арнап, ауыл шаруашылығын дамыту жолында табанды еңбек етті: зоотехник, кейін бас зоотехник, одан әрі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, өз ісінің білгірі ретінде танылды. Төрт мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты.

«Ел мүддесі жолында атқарған қызметі жерлестерінің зор құрметіне ие болды. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық және ағартушылық жұмыстарды жалғастырып, шежіре зерттеумен айналысты, өлкеміздің тарихи-мәдени мұрасына үлес қосқан құнды еңбектер жазды. Отбасы мен туған-туыстарына, көз көрген замандастарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Орны толмас қайғыда сабыр тілеймін. Саналы ғұмыры, елге сіңірген еңбегі - облыс тарихында мәңгілік сақталады!»-, деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.