Петропавлда үздік жедел уәкіл анықталды. Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен келген полицейлер қатысты. Офицерлер шыдамдылық пен кәсіби шеберліктерін сынға салды.
Ішкі істер органдарында жедел уәкіл қызметі – ең күрделі, жауапты әрі болашағы бар лауазымдардың бірі саналады. Олар төзімді, кез келген адаммен тіл табыса алатын, аналитикалық ойы бар болуы тиіс. Сонымен қатар үздіксіз өзін-өзі дамыту, мықты дене дайындығы және кез келген жағдайда мергендікпен ату қабілеті қажет. Тәжірибелі жедел уәкілдердің полиция бөлімшелерін басқаруы да кездейсоқ емес. Бұл мектеп мінезді шыңдап, баға жетпес тәжірибе береді.
Дәстүрлі байқау бірнеше кезеңнен тұрды, оған қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. Офицерлер заңнаманы білу деңгейін көрсетті, тирде оқ атты, жүгіруден және тартылудан сынға түсті, шыдамдылық пен кәсіби шеберліктерін дәлелдеді. Жарыс қорытындысында жеңімпаз атанған – Тайынша ауданы полиция бөлімінің капитаны Бауыржан Серік. 27 жастағы офицер 2020 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етеді, Алматыдағы Мақан Есболатов атындағы ІІМ академиясын тәмамдаған. Қазір оның негізгі бағыты – киберқылмысқа қарсы күрес. Сонымен қатар әріптестерімен бірге нашақорлықпен күрес, ұрлық пен өзге де қылмыстарды ашу ісімен айналысады.
СНХ:Бауыржан Серік – Тайынша ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі
Бауыржан табыстың кілті – тұрақты жаттығулар, ату машығын жетілдіру және үздіксіз білім алу дейді. Облыстық байқаудағы жеңісі оған жаңа серпін берді: қазанда ол Ішкі істер министрлігінде өтетін республикалық «Үздік жедел уәкіл» конкурсында Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайды.