Облыс орталығында «Ботай» арт-галереясында ІІІ халықаралық «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» суретшілер симпозиумының қорытындысына арналған көрме салтанатты түрде ашылды. Бұл айтулы іс-шара тарихқа, өнерге және мәдени мұраға қызығушылық танытқан көпшілікті, сондай-ақ әлемнің әр түкпірінен жиналған қылқалам шеберлерін бір арнаға тоғыстырған жарқын мәдени оқиғаға айналды.

Көрмеге ІІІ халықаралық суретшілер симпозиумына қатысқан қылқалам шеберлерінің өнер туындылары қойылған. Ауқымды іс-шараға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия елдерінен, сондай-ақ Татарстан, Башқұртстан, Саха Республикасы, Бурятия, Мажарстан және Түрікменстаннан барлығы 20 қылқалам шебері қатысты. Бұл өнер мерекесі суретшілердің шығармашылық тәжірибе алмасуына жол ашып қана қоймай, Ботай мәдениетінің бай мұрасын жаһанға танытуға мүмкіндік берді.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев өз сөзінде Ботайдың әлемдік деңгейде ерекше орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, Париждегі «Адам» музейінде адамзат өркениетінің ең ұлы жетістіктерінің қатарында Ботай мәдениетіне арналған жеке экспозиция қойылған. Ол егіншіліктің бастау алуы, металл өңдеуді игеру және ғарышты бағындыру сынды адамзат тарихындағы өркениет белестерімен бір қатарда тұр.

СНХ:РУСЛАН ӘЛІШЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ


Евгений Болсобоевтің шығармашылығы көне архетиптерге бай.Оның туындыларында олар ерекше мәнге ие болып, терең мағынаға толы сипатқа енеді. Дүниежүзілік ағаштың бейнесі, қолына даңғырасын ұстаған тәуіп, не болмаса уақыт пен кеңістікті қақ жарып өтетін жебе – бәрі де суретшінің өнерінде жаңаша тыныс табады. Ол туындыларында бабалардан жеткен рухани мұраны, терең мағыналы символдарды қазіргі заманғы көркемдік өрнектермен ұштастыра отырып, мифологиялық әлемді жасайды.

СНХ:ЕВГЕНИЙ БОЛСОБОЕВ, СУРЕТШІ, БУРЯТИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ


Симпозиум қонақтарының бірі – Мажарстаннан келген суретші Томас Джанос. Ол Ботай қазбаларына барып, көне мәдениетті өз көзімен көріп, ерекше әсер алған.

СНХ:ТОМАС ДЖАНОС, СУРЕТШІ ЖӘНЕ ФОТОГРАФ


Көрмеде қатысушылардың 60-тан астам туындысы қойылған. Жұмыстар әртүрлі техникада орындалған. Экспозициядан майлы және акрил бояуымен, акварельмен салынған картиналармен графикалық стильдегі туындыларды көруге болады.