18 тамыз – ел тыныштығы үшін күні-түні қызметте тұрған Шекарашылар күні. Осыған орай өңірде салтанатты жиын өтіп, қызмет барысында ерекше көзге түскен шекара қызметінің өкілдері марапатталды.

Мереке аясында шекара қызметінің бірқатар мамандары облыс әкімінің және Департамент басшылығының атынан Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды. Салтанатты іс-шарада СҚО бойынша тәрбие, идеологиялық және кадрлар жұмысы департаменті бастығының орынбасары, полковник Сәкен Темірханұлы сөз сөйлеп, шекарашыларды кәсіби мерекемен құттықтады. Ол қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етудегі шекара қызметкерлерінің рөлін ерекше атап өтті.

СНХ:СӘКЕН ОРМАНТАЕВ, ҚР ҰҚК ШҚ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ


Марапатқа ие болғандардың қатарында – Дәулет Нұрланұлы да бар. Ол Абай облысы, Аягөз қаласының тумасы. 2009 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық әскери мектеп-интернатын тәмамдаған. Кейін ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясында білім алып, 2013 жылы оқу ордасының түлегі атанды. 2013-2020 жылдар аралығында үш бірдей шекара бөлімшесін басқарған. Ал соңғы бес жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысы бойынша шекара қызметі департаментінің бөлім консультанты лауазымында абыройлы еңбек етіп келеді.

СНХР:ДӘУЛЕТ НҰРЛАНҰЛЫ, ҚР ҰҚК ШҚ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ КОНСУЛЬТАНТЫ


Марапат алған шекарашылардың қатарында Алмаз Мекенбаев та бар. Ол – үш баланың әкесі, үлгілі отағасы. Шекара қызметіндегі еңбек жолын 2008 жылы Мамлют ауданы аумағындағы "Шығанақ" шекара заставасынан бастаған. Қазіргі таңда Алмаз Жұмабайұлы "Мамлют" теміржол бекетіндегі шекаралық бақылау бөлімшесінде бақылаушы қызметін атқарып келеді. Өз ісіне адал, тәжірибелі маман ретінде көзге түсіп, әріптестері арасында үлкен құрметке ие.

СНХ:АЛМАЗ МЕКЕНБАЕВ, «МАМЛЮТ» ШЕКАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАҚЫЛАУШЫСЫ


Салтанатты жиын соңында облыстың өнерпаздары шекарашыларға арнап арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекелік кеш көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ел шебін күзеткен азаматтарға құрмет пен алғыстың жарқын көрінісіне айналды.