Петропавл қаласында полицейлер ірі алаяқтықтың жолын кесті. 68 жастағы зейнеткер әйел екі миллион теңгеден астам қаржысынан айырылып қала жаздады. Оның депозиттегі жалпы жинағы алты миллион теңгеге жуықтаған.
Сол күні бәрі WhatsApp мессенджеріндегі қоңыраудан басталды. Алғашында өзін медбике ретінде таныстырған бейтаныс адам кейін «электронды үкімет» және тіпті Полиция департаментінің қызметкері ретінде сөйлеген. Аватарында ресми рәміздер тұрған соң әйел сеніп қалған. Алаяқтар құпияны сақтауды талап етіп, «қауіпсіз шотқа» шұғыл ақша аударуды сұраған.
Сеніп қалған зейнеткер жақын маңдағы сауда-ойын-сауық орталығындағы банкоматқа барған. Абырой болғанда, сол жерде кезекшілік етіп жүрген полицейлердің көзіне түсті. Қарт кісінің абдырап тұрғанын байқаған тәртіп сақшылары оны тоқтатып, ойланбай қаржылық операция жасамауға көндірген. Бірнеше минут ішінде жағдайды анықтап, интернет-алаяқтық белгілерін әшкереледі.
Бұл жалғыз жағдай емес. Бұған дейін дәл осындай 5 дерек қаладағы басқа сауда орталықтарында полиция мен жекеменшік күзеттің қырағылығының арқасында тоқтатылды. Барлық факті бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Полицейлер басты ереже – асықпау, бөтен адамдармен ұзақ сөйлеспеу және ешқашан ақша аудармау. Мұндай жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, «102» нөміріне хабарласқан дұрыс екендігін ескертеді.