Солтүстік Қазақстан облысы республика бойынша өндірілетін сүт көлемінің 10 пайызын қамтамасыз етіп келеді. Өңірде жалпы 177,8 мың тонна сүт өндірілсе, оның 116,6 мың тоннасы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үлесінде. Айта кетейік, өңіріміз республикада сүт өндіру көлемі бойынша екінші орынға шықты. Ал ауыл шаруашылығы құрылымдары арасындағы көрсеткіш бойынша облыс бірінші орында тұр.

Бүгінгі таңда өңірде 110 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді, оның ішінде 42-сі заманауи сүт кешендері. Барлық жаңа ашылған фермалар – өндірістік сипаттағы, яғни әрқайсысы 400-ден 1500 басқа дейін ірі қара мал ұстауға арналған. 2024 жылы республика бойынша жоспарланған 39 сүт фермасының 17-сі облыста іске асырылып, әр екінші жоба осы өңірде жүзеге асты. Мал шаруашылығының дамуына серпін берген басты факторлардың бірі – инвестициялық жобаларды табысты іске асыру тәжірибесі. Аймақта соңғы екі жылда республикалық бюджеттен 23 млрд теңге бөлініп, жалпы инвестиция көлемі 89 млрд теңгені құрайтын 28 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 616 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, Еуропадан жоғары генетикалық әлеуеті бар 5 мыңнан астам ірі қара мал әкелінді. Биыл тағы 3 мыңнан астам мал жеткізу жоспарланып отыр.