Жазғы демалыста бос уақытын тиімді өткізгісі келетін балалардың жиі баратын орны — кітапхана. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жаз бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мұнда әр жастағы бала өзіне қажетті кітапты таба алады.

ӘСЕМ ӘКІМҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

- Жаз — тек демалыс пен ойын уақыты ғана емес. Көп бала бұл мезгілді кітаппен дос болуға арнайды. Кітапханаларда күн сайын түрлі жастағы балаларды кездестіруге болады. Бірі ертегі оқыса, енді бірі қызықты хикаяларға бойлайды. Балалар жазғы демалыста кітапханаға жиі келе ме? Қандай жастағы оқырмандар белсенді? Бұл сұрақтарға жауапты бірге білейік.

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы — өңірдегі жас оқырмандарға арналған рухани тәрбие мен білім ордасы. 1963 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кітапханада жаз мезгілінде келушілер саны арта түседі. 2002 жылы жазушының 100 жылдығына орай мәдениет мекемесіне Ғабит Мүсіреповтің есімі берілді.

СНХР: НҰРЗАТ ӘЛЖАНОВА, ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ


Жыл басынан бері кітапханаға 11 мыңнан астам бала келіп, түрлі әдебиеттермен танысқан. Ұлттық және шетел әдебиеттер бөліміне 900-ден астам бала тіркелген. Ал кітапхананың жалпы қоры 126 мыңнан асады. Қор жылына екі рет жаңа кітаптармен толықтырылып тұрады. Жазда балалар мұнда тек кітап үшін ғана емес, түрлі іс-шаралар мен үйірмелерге қатысу үшін де келеді. Бұл жерде олар достар тауып, оқуға деген қызығушылығын арттырады.

Балалардың кітаппен өткізген әрбір күні — білімге бастар қадам. Кітапхана ұжымы жас буынның оқу мәдениетін қалыптастырып, олардың рухани дамуына үлес қосып келеді.