2023 жылы Түркістан облысынан Мамлют ауданына отбасы қоныс аударған. Отағасы жергілікті кәсіпоранға жұмысқа орналасып, тұрақты табыс тауып отыр. Жұбайы мемлекеттік бағдарлама арқылы грант ұтып алып, өз кәсібін дөңгелетуде. Бүгінде отбасы жаңа ортаға сәтті бейімделіп, ел экономикасына өз үлесін қосып жүр.

Наурызбай Сатыбалды көшіп келген жылы «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігіне жұмысқа орналасты. Кәсіпорында ірі қара малдың аналық мал басын қолдан ұрықтандыру бойынша жұмыс істейді. Негізгі мамандығы электрик болса да, ауыл шаруашылығына деген қызығушылығы оны жаңа салаға жетелеген. Қазір ол мал басын сапалы көбейтуге үлес қосып, серіктестік ұжымының сеніміне ие бола бастаған.

СНХ: НАУРЫЗБАЙ САТЫБАЛДЫ, БЕКСЕЙІТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, МАМЛЮТ АУДАНЫ


Наурызбай Сатыбалды солтүстікке қоныс аудармай тұрып, мұндай мамандық туралы мүлде естімеген. Жаңа ортаға бейімделіп, сұранысқа ие болу үшін арнайы курстандан өтіп, біліктілігін арттырған.

СНХ: НАУРЫЗБАЙ САТЫБАЛДЫ, БЕКСЕЙІТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, МАМЛЮТ АУДАНЫ


Ал жұбайы Мәлика Жақып " Бастау бизнес" жобасы арқылы 1 миллион 700 мың теңге көлемінде грант ұтып алып, 6 бас ірі қара сатып алған. Осылайша өз кәсібін бастап, қазіргі таңда май, құрт сатумен айналысып отыр. Енді ол мал басын асылдандырып, кәсібін одан әрі кеңейтуді көздеп отыр.

СНХ: МӘЛИКА ЖАҚЫП, БЕКСЕЙІТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, МАМЛЮТ АУДАНЫ


Отбасында 4 бала бар. Алды ауылдағы қазақ мектебінде оқып, білім ордасындағы оқушы санының артуына үлес қосып отыр. Жалпы, бұл ауылға қоныс аударған осындай үш отбасы бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында олар ауыл тіршілігіне бейімделіп, еңбекке араласып, жергілікті халықтың қатарына сіңісіп келеді.