Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында ауыл әкімдерінің қызметтік тәртібі сөз болды. Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшілерге қатысты қоғамдық орында алкогольдік мас күйде болу және қызмет бабын асыра пайдалану фактілері бойынша тәртіптік істерді қарады.

Ақжар ауданы Кішіқараой ауылдық округінің әкімі Ботагөз Сабырова заңда көзделмеген табыс көзіне жағдай жасағаны үшін Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Аудан әкімдігі ғимаратында пошта тасушы рұқсат етілмеген жерде саудамен айналысқан. Бұл жағдайды анықтаған жергілікті полиция қызметкерлері пошта қызметкерін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Қызметтік тексеріс барысында Ботагөз Сабырова аталған заңсыз сауданы білгенін, бірақ өз тарапынан әрекет етпегенін мойындады.

СНХР: ӘСЕМГҮЛ БЕГАЛИНА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ


Сонымен қатар, Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Ломоносов ауылдық округінің әкімі Вячеслав Барсуков Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынуымен үшінші рет тәртіптік жауапкершілікке тартылып отыр. Соңғы бес жыл ішінде оның қатысуымен бірнеше тәртіптік іс қаралған. Бұл жолы әкім алкогольдік ішімдік ішкен күйінде қоғамдық орында болғаны үшін жауап берді. Ол өз кінәсін жартылай мойындады. Айтуынша, кафеде болып, сыртқа шығып таксиге қарай беттеген сәтінде патруль жанынан өтіп бара жатқан. Медициналық куәландыру оның жеңіл дәрежеде мас болғанын көрсетті.

СНХР: ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ


Мемлекеттік қызметшіге қатаң сөгіс жариялау ұсынылды. Сондай-ақ Әдеп жөніндегі кеңес отырысында облыс аудандарындағы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының орындалуы бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы тыңдалды.