Есіл ауданына қарасты Еңбек ауылында 50 орындық шағын жинақты мектептің құрылысының басталуына орай салтанатты түрде уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Іс-шараға аудан әкімі, ауылдың ақсақалдары, тұрғындары мен жобаның бастамашылары қатысты.

Білім ордасы «БАЙ-ЕҢБЕК» ЖШС басшысы Қайырбек Қожасовтың бастамасымен салынбақ. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге есырылып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 8 құрылысшы еңбек етіп, 3 техника бірлігі жұмылдырылған. Мектеп елді мекендегі балалардың сапалы білім алуына жағдай жасап, ауыл болашағына серпін бермек.

СНХР: ҚАЙЫРБЕК ҚОЖАСОВ, «БАЙ-ЕҢБЕК» ЖШС БАСШЫСЫ


Жаңа шағын жинақты мектептің құрылысы басталғанға дейін ауыл балалары білім алу үшін көршілес елді мекендердегі оқу орындарына қатынауға мәжбүр болды. Бұл өте қолайсыз еді. Сондықтан жергілікті мектептің салынатыны туралы жаңалықты ауыл тұрғындары ерекше қуанышпен қарсы алды.

СНХР: РОЗА ӘЛИЕВА, ЕҢБЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ


Жобаға жергілікті билік те қолдау көрсету үстінде. Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров білім – ұлт болашағының негізі екенін атап өтіп, орта білімнің ел кадрлық әлеуетін нығайтудағы маңызына тоқталды.

СНХР: МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ


Жаңа мектеп өз есігін алдағы жаңа оқу жылында ашады деп күтіліп отыр. Бірінші сыныпқа 15-тен астам бала қабылданады. Мектепте оқу кабинеттері, спорт залы, медициналық пункт, асхана және білім беру үдерісіне қажет барлық жағдай қарастырылған.