26 мамыр мен 11 маусым аралығында Солтүстік Қазақстан облысында жаңа әлеуметтік ипотекалық бағдарлама – «Қызылжар жастары» бойынша өтінімдер қабылдау басталады. Бұл – өңір тарихындағы жастар мен жас мамандарды қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған алғашқы бастама.

2024 жылдан бастап 2029 жылға дейін жүзеге асатын бұл бастама облыстық бюджет арқылы қаржыландырылмақ. Жоба аясында жас мамандарға баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі — олар үйді облыс аумағынан, бастапқы немесе қайталама нарықтан ала алады. Бағдарламаға жасы 35-ке толмаған, өңір үшін маңызы бар салаларда қызмет ететін мамандар қатыса алады. Атап айтқанда, бұл — денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, төтенше жағдайлар мен энергетика салалары. Қатысушыларды іріктеу кезінде олардың кәсіби тәжірибесі, отбасылық жағдайы, балаларының саны және әлеуметтік жағдайы негізге алынады. Барлығы ашық әрі әділ балл жүйесі арқылы бағаланады.

СНХР: НҰРЖАН ӘЛІБЕКОВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ СҚОФ ДИРЕКТОРЫ