Петропавлда зейнеткер алаяқтарға сеніп, өзіне тиесілі екі пәтерін сатып жіберген. Ол ақшаның бір бөлігін қылмыскерлердің шотқа аударған, ал қалған 27 миллион теңгені курьерге тапсырған. Жедел уәкілдердің үйлесімді жұмысының арқасында 27 млн теңге заңды иесіне қайтарылды.

Петропавлда 66 жастағы зейнеткерге әлдебіреу қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған. Ол әйелді белгісіз алаяқтар пәтеріңді тартып алмақшы және оларды әшкерелеу үшін тұрғын жайды сату бойынша тезірек «жалған мәміле» ресімдеу қажет деп айтқанына көндіреді. Алаяққа сенген қала тұрғыны өзіне тиесілі екі пәтерін сатып жібереді. Сонымен қатар, әйел өзіне ешкімге жария етуге болмайтын тергеу құпиясы сеніп тапсырылды деп санайды. Дегенмен, туыстары мұнда бір шикіліктің барын сезіп, жәбірленушіні полицияға жүгінуге көндіреді.

СНХР: Жәбірленушінің қызы


Алайда ол ақшаның бір бөлігін қылмыскерлер көрсеткен шотқа аударған, ал қалған 27 миллион теңгені курьерге тапсырып үлгерген. Курьер қолма-қол ақшаны Астана қаласына жеткізген. Ақша ары қарай тізбекпен «дропперлер» арқылы шетелген аударылмақ болған. Жедел уәкілдердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ақша шетелге жөнелтілгенше тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Айта кету қажет, жәбірленуші банк чектерін сақтап қалған. Бұл – аударылған сомманы сот арқылы қайтарып алуға мүмкіндік береді.

СНХР: Милена Балацкая — СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі


13-15 мамыр аралығында өңірде ақпараттық технологияларды қолдану арқылы, соның ішінде интернет-алаяқтық жолымен жасалатын қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Anti-fraud» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Полиция ескертеді: құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан мессенджерлер арқылы қоңырау шалмайды, қандай да бір қаржылық операция жасауды сұрамайды. Егер күштік құрылымдардың атынан осындай қоңырау түссе, дереу сөйлесуді тоқтатып, ақпаратты тексеру үшін сізге қоңырау шалған органның атына жүгінген жөн. Тек осылай ғана өзіңізді және жақындарыңызды қылмыстық схемалардан сақтап қалуға болады.