Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралады. «Жас Өркен» шағынауданында 280 орындық жаңа балабақша салынып жатыр. Мекеме жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Уәлиханов көшесінің бойында 280 орындық балабақша салу жоспарланған. Бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Қопай» ауданында ескі үйлердің орнына жаңа шағынаудан салынып жатыр. Қазірдің өзінде 605 пәтерге арналған 7 ипотекалық үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы мұнда 3,8 мың пәтерлік 27 көпқабатты үй бой көтермек.
Бұдан бөлек, әкім «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағындағы инженерлік желілер құрылысы бойынша жедел кеңес өткізді. Мұнда бірқатар өндірістік жобалар жүзеге асуда: кондитерлік өнімдер зауыты, трактор шығаратын кәсіпорын, көпір крандары мен саңырауқұлақ фермасы сынды өндірістер салынып жатыр.