Өңірде жыл басынан бері жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны 60 пайызға төмендеген. Дегенмен, полиция қызметкерлері мектеп оқушылары арасында буллинг пен бұзақылық фактілерінің әлі де болса кездесетіндігін айтып, оның алдын алу жөнінде педагогтармен талқылады.

СНХ: Құрманғали Ысмағұлов — СҚО ПД бастығының орынбасары


Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде мектеп директорларымен бейнеконференция форматында жұмыс кеңесі өтті. Кездесудің басты тақырыбы – жасөспірімдер қылмысының алдын алу. Биылғы жылдың бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыс 60 пайызға төмендеген. Дегенмен, полицейлер мектеп оқушылары арасында буллинг пен бұзақылық фактілері анықталғанын алға тартады.


10 сәуірден бастап облыс аумағында республикалық «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Тек 10 күн ішінде жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-аналарынсыз жүруінің 180-нен астам дерегі анықталған. Сондай-ақ балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 72 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Полицейлер педагогтарды балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тығыз қарым-қатынас орнатуға шақырды. Сонымен қатар, тұрғындарға балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қылмыстық әрекетке тарту деректері туралы полицияға дер кезінде хабарлауды еске салды.

СНХ: Айнагүл Сұрағанова — СҚО әкімдігі білім басқармасының басшысы


Кеңеске қатысушылар жазғы демалыс кезеңіне арналған профилактикалық жұмыстардың жоспарын талқылады. Басты мақсат — балалардың бос уақытын пайдалы істермен өткізуіне жағдай жасап, құқық бұзушылықтардың алдын алу.