Тай боксы – мыңдаған жылдық тарихы бар, Тайланд елінен бастау алған жауынгерлік өнер. Қазіргі таңда бұл спорт түрі Қазақстанда да кеңінен қанат жайып келеді. Еліміздің әр өңірінде жасөспірімдер арасында танымалдылығы артып, спорт мектептерінде үйірмелер ашылып жатыр. Осы орайда қаламыздың балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде аталмыш спорт түрінен ашық сабақ өтті.

Жалпы, тай боксының шығу тарихы бірнеше ғасыр бұрын басталған. Тай халқы бұл өнерді өзін-өзі қорғау және жауынгерлік дайындық ретінде қолданған. Уақыт өте келе бұл спорт түрі халықаралық аренаға шығып, беделді чемпионаттарда танымал бола бастады. Бүгінде елімізде бұл бағыт белсенді дамып келеді. Мысалы, қаламыздың балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 700-ге жуық бала спортпен айналысады. Оның 60-ы — дәл осы тай боксын таңдаған. Олар аптасына бірнеше рет жаттығып, түрлі деңгейдегі жарыстарда бақ сынап жүр. Жаттығулар тәжірибелі бапкерлердің жетекшілігімен өтеді.

СНХР: РУСЛАН ПЕМБАЕВ, БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ


13 жастағы Алихан Қонысбай тай боксымен 7 жасынан бері айналысып келеді. Осы уақыт аралығында түрлі жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Оның айтуынша, бұл спорт түрі бойында жауапкершілік пен төзімділік қасиеттерін қалыптастырған. Ол сонымен қатар әлемге танымал тай бокс шебері Tawanchai сияқты мықты спортшы болғысы келетінін атап өтті. Қазір ол болашағын осы спортпен байланыстырып, үлкен жетістіктерге жетуді мақсат етіп отыр.

СНХР: АЛИХАН ҚОНЫСБАЙ


Айта кету керек, жақында аталған үйірме тәрбиеленушілері Орал қаласында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті. Олар 5 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Бірнеше спортшы әлем чемпионатына жолдама алып отыр.