Сенатта өткен Үкімет сағатында облыс әкімі өңірді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша сөз сөйледі. Жиында  Құмар Ақсақалов облысты «Сарыарқа» газ құбырына қосу тиімді екенін, ал өңірді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті параметрлер магистральдық газ құбыры жобасына енгізілгенін айтты.

 Облыста 640 елді мекен бар, ондағы негізгі жылу көзі – көмір мен отын. Жыл сайын көмір тұтыну көлемі 619 мың тоннаны құрайды.1 жеке меншік үйге көмір мен отынға жұмсалатын шығын орташа есеппен айына 25 мың теңгені құрайды. Бір тұрғынға жылыту маусымына барлығы 189 мың теңге қажет. Ал,  СҚО-ның 457 мың халқы бар 139 елді мекенге газ тарту үшін 140 млрд теңге қажет. Жылына шамамен 2 млрд текше метр газ қажет.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ,  СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- «Қазір облыста биомасса жағатын 125 қазандық жұмыс істейді, оған 82 бюджеттік мекеме көшірілді. Нәтижесінде, бюджет 26 мың тонна көмір сатып алудан бас тартты, 286 млн.теңге үнемделді. Алайда, бұл жұмыс аздық етеді. Өңірде жыл сайын халықтың басқа жаққа көшіп кетуі тіркелуде. Табиғи газ болмағасын, инвесторларды тарту бойынша  мәселе бар».

20 жыл бойы газ тартудың әр түрлі нұсқалары қаралуда. Оның ішінде Ресей Федерациясы арқылы да. Ресейден газ тарту бойынша Энергетика министрлігі, «ҚазТрансГаз» және «Газпром» 2019 жылы бірнеше кеңестер өткізді, алайда әлі күнге дейін мәселе шешілген жоқ. Өйткені «Газпром» біздің өңірге ғана емес, Ақмола, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласына да газ тартуға қызығушылық танытуда.

- «Облысты "Сарыарқа" газ құбырынан қосу ең қолайлы нұсқа деп санаймыз, облысты табиғи газбен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті параметрлер магистральдық газ құбыры жобасына енгізілген.   Бүгін СҚО әкімдігі бірлесіп "Интергаз Орталық Азия" АҚ-мен қосу жоспарланған тұтынушылардың болжамды санын, үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлердің  және өнеркәсіптік объектілер санын анықтау, елді мекендер бөлінісінде сұйытылған мұнай газының қажеттілігін айқындау, елді мекендерді газдандырудың басымдылығын жылдар бойынша бөле отырып айқындау жұмыстары басталлды».

Сонымен қатар, қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқан инвесторлар энергияны көп қажет ететін кәсіпкерлер газ құбырын тартуды қажет етеді. Газдың болмауы инвестиция тартуды тежеуші фактор болып табылады. Барлық заманауи технологиялық жабдықтар газға бейімделген.

- «Биыл Петропавл №2-ЖЭО-да апат орын алғаны баршаға мәлім. Бүгінгі таңда меншік иелері келесі жылыту маусымына дайындалып, жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, №2-ЖЭО мүмкіндігін ескере отырып, 2026 жылға қарай қалада жылу қуатының тапшылығы сезілуі мүмкін.Өңірді газдандыру ірі кәсіпорындар мен нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, осылайша №2-ЖЭО жүктемесін азайтады»

 Жеке тұрғын үйлер мен орталық қазандықтарды газға ауыстыру кезінде ластаушы заттардың шығарындылары азаяды, тұрмыстық жағдайлар жақсарады, халықтың қоныс аударуы мен кетуі бойынша мәселелер шешіледі -деді өңір басшысы.