Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Батырлардың рухы» атты ұлттық спорт жарысы ұйымдастырылды. Іс-шараға аутизм дертіне шалдыққан жасөспірімдер қатысты.
Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған көңілді спорт байқауында балалар ұлттық спорт түрлерімен танысты. Олардың арасында теңге алу, бәйге, қыз қуу сияқты ойындар эстафета түрінде ұйымдастырылды. Үш топқа бөлінген балалар өз күштерін сынап жарысты. «Қоғамға қызмет ету» жобасы аясында петропавлдық NIS-те мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Мектеп оқушылары мүмкіндігі шектеулі балаларды шектетпей, оларды қоғамға тартуға жағдай жасайды. Жарысты «Асыл Мирас» аутизммен ауыратын балаларға қолдау көрсету орталығы, Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасына қарасты «Дене шынықтыру, спорт және алғашқы әскери дайындық бойынша аймақтық оқу-әдістемелік орталығы» мектеппен бірлесіп өткізді.