Өңірде биыл 116 елді-мекенді су басу қаупі бар. Қазіргі таңда көктемгі тасқынға дайындық іс-шаралары барынша күшейтіліп жатыр. Осы мақсатта Петропавлда облыстық Төтенше Жағдайлар Департаменті мен Түмен облысы бойынша Ресей ТЖМ Бас басқармасының өкілдерімен кездесу өтті. Жиналғандар былтырғы жылды қорытындылап, биылғы су тасқының алдын-алуға арналған жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, трансшекаралық табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою шаралары сөз болды.

Төтенше жағдай қызметі қазіргі уақытта қауіпті аймақта орналасқан қалалар мен ауылдарда тасқынға қарсы дайындықты күшейткен.

Облыстық ТЖД бастығы Жомарт Асқаровтың айтуынша, өңірге Ресейден еріген қар суының келуі қаупі жоқ. Ал, Түмен облысына бізден Есіл өзенінің ағын суы барады. Сондықтан,қазіргі таңда екі аймақтағы жағдай жіті бақылауда. Ресейлік және солтүстікқазақстандық құтқарушылар үнемі бір-бірмен жедел және мониторингтік ақпаратпен алмасып отырады.

Айта кетейік, облыста 6-7 наурыз күндері «Көктем – 2025» республикалық оқу-жаттығу жиыны өтеді. Командалық – штабтық іс-шарада су тасқыны кезінде туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері пысықталып, құтқарушылардың жедел әрекет ету дайындығы текссеріледі.