Петропавл қаласындағы IT-мектеп-лицейдегі «Жас сақшы» сыныбының 25 оқушысы полиция қызметкерлерінің сабақтарына қатысты. Мұндай сабақтар аптасына екі рет сәрсенбі және сенбі күндері өткізіліп тұрады. Олар мұнда еліміздің заңнамасымен танысады, самбо тәсілдерін меңгереді, саусақ іздерін алуды үйренеді.

«Жас сақшының» кезекті қонағы болып запастағы полиция полковнигі Ақан Сыздықов келді. Ол көп жылдар бойы облыстық полиция департаменті құрамындағы жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы болып қызмет атқарды. Бүгінде ол ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы. Солтүстікқазақстандықтарға жақсы таныс ардагер тәжірибесімен, есте қалған оқиғаларымен бөлісіп, балалардың сұрақтарына жауап берді.

Ақан Сыздықов — ІІО және ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Мен жиырма тоғыз жарым жылдай ішкі істер органдарында қызмет еттім. Лейтенанттан бастап, полковник атағына дейін жеттім. Басқарманың бастығы болдым. Криминалистика дегенді естідіңдер ме? – Иә. - Криминалист қылмыс орындарына барады.

Атап айтқанда, ол 2007 жылы Уәлиханов ауданында болған бес адамды өлтіру қылмысының ашылғаны туралы айтты. Сол кезде полицейлердің тынымсыз еңбегінің арқасында жалғыз айғақ – саусақ ізі табылды. Соның нәтижесінде қылмыскерлер ұсталды. Ардагердің әңгімесін ұйып тыңдаған балалар криминалистердің жұмысына қатысты сұрақтарын қойды. Бұл мамандық олардың қызығушылығын оятты.

Ерасыл Жандос — IT мектеп-лицейдің 7-сынып оқушысы:

- Маған осы «Жас сақшы» сыныбы ұнайды. Өйткені тәртіпке үйретеді. Іс-шараларға қатысамыз. Самбоға үйретеді. (Бұл кісі мейірімділікті айтты, адамдарды құрметтеуді үйретті.

Оқушылардың бірі ардагерге оның полициядағы қызметі кезінде қылмыскерлермен атыстыңыздар ма деген сұрақ қойды. Ақан Төлепбергенұлы полицейдің басты құралы тапанша емес, ақыл екенін айтты. Бұл дегеніміз абырой, ұқыптылық, адамдарға деген құрмет. Бұлардың барлығын олар бала кезден бойларына сіңіруі керек. Оқуда озат, мұқият болып қана қоймай, жақындарының бүгінгі тыныс-тіршілігінен, ата-әжелерінің, аға ұрпақтың өмірінен хабардар болуы қажет. Кәсібилік адамдарды түсінуден басталады.