Солтүстік Қазақстан газетіне 105 жыл толуына орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Демалыс күні газет ұжымы өңірдегі журналистер,ақын-жазушылар қауымы мен Қостанай және Ақмола облыстарындағы әріптестерінің арасында бильярд ойынынан жарыс өткізді.

Бильярдтан аймақтық сайыс руханият саласында жүрген 40-қа жуық жанның басын біріктірді. Аталған спорт сайысында ойыншылар турнир басталған сәттен дәлдік пен ептіліктерін көрсетіп, жарыс көрігін қыздырды.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, «ҚЫЗЫЛЖАР-АҚПАРАТ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- Ғабит Мүсірепов айтпақшы, бильярд деген - өнер. Бұл ойынның барысында адамның мінезі, түгел болмысы көрінеді. Бүгнгі жарысқа қатысып жатқандар тек спорт ретінде ғана емес рухани кездесу, мәдени шара деп қарайды. Мерейтой аясында тағы басқа іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Өткенде ұжыммен қан тапсырдық. Кітапханаларда, мәденеит үйлерінде дөңгелек үстелдер де ұйымдастырдық.

Турнирге «Қостанай таңы» газетінің 3 қызметкері арнайы келген. Қатысушылардың арасында әуесқой ойыншылар мен соққан соққылары торға дәл тиетін мықтылар бар.

АСЛАН ҚАНҒОЖИН, «ҚОСТАНАЙ ТАҢЫ» ГАЗЕТІ БАС РЕДАКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бильярдты әріптестеріміздің арасында жиі ойнап тұрамыз. Қостанай да турнирлер ұйымдастырылып тұрады. Бұл мәдени демалыстың бір түрі ғой. Қимыл-қозғалыс болғасын спортқа да жатады. Жұмыстан кейін ой сергітіп, бой сергітіп дегендей. Бүгінгі жиынның мақсаты әріптестік қарым-қатынас пен сыйластықты арттыру, тәжірибе алмасу.

Турнирде жақсы нәтиже көрсеткен жеңімпаздар грамоталармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.