Республика көлемінде өтіп жатқан «Бірыңғай өрт қауіпсіздігі күні» акциясы аясында облыстың ТЖД Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді. 9-11-сынып оқушыларына мамандар өрт қауіпсіздігі ережелерін таныстырды.
Кездесудің басты мақсаты – білім беру мекемелерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселесіне назар аудару. Мамандардың айтуынша, өрттің басым бөлігі балалардың отпен ойнауынан туындайды.
АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- 2024 жылы республика бойынша өрт салдарынан 42 бала мерт болып, 47 бала жарақат алды, 69 бала иіс тиіп уланған. Өрт шығып, балалардың зардап шегуінің негізгі себебі – олардың отпен ойнауы. Биыл өңірімізде 3 баланың өлімі тіркелсе, 1 бала жарақат алып, 2 бала иіс тиіп уланды. Балалар – өрт қауіпсіздігі бойынша білімі мен дағдыларының жеткіліксіздігінен ең осал топтардың бірі.
Оқушылар өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерін біледі. Алайда өрттің алдын алу және қателіктерге жол бермеу үшін тек тұрақты түрде білім алу ғана емес, қоршаған ортаға мұқият қарап, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.
ЕҢЛІК БЕКАСЫЛ, ПЕТРОПАВЛ Қ. НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
- Жалпы төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету қажеттігі жөнінде білімім бар. Себебі біздің мектебімізде жиі түрлі практикалық сабақтар өткізіледі. Мәселен кірген бойда мектепте көрген шығарсыз оң жағында күзеттің қасында бір экран тұрады сол QR код арқылы өтсеңіз сол жерінде нақты жазылған түрлі төтенше жағдайларға байланысты ережелер болады.
Осылайша, құтқарушылардың белсенді жұмысының арқасында оқушылар өрт қауіпсіздігі шараларын біліп қана қоймай, төтенше жағдай кезінде әрекет ету бойынша тәжірибелік дағдылар алды.