Бүгін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жылды қорытындылады. Президент тапсырмасына орай соңғы 3 жылдың ішінде өңірде 50 миллион көшет отырғызылған. Оның 22 млн-ы былтыр егілген. 2027 жылға дейін 20 мың гектар жерге 122 миллион көшет отырғызылу жоспарланып отыр.
Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып келеді. Өткен жылы 580 миллион теңге сомасына арнайы техника сатып алынды. Олар 2 өрт сөндіру және 9 патрульдік автокөлігі, 12 ұшқышсыз ұшу аппараты және 36 ағаш отырғызу машинасы.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, СҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 38 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Орман шаруашылығы комитеті биылғы жылғы өрт маусымына дайындық бойынша барлық іс-шараларды 10 наурызға дейін аяқтау туралы бұйрық шығарды. Қазіргі уақытта орман шаруашылықтары техникалар мен жабдықтарды дайындап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2024 жыл ішінде орман қорғаушылары табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 126 дерегін анықтады. 3 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, олар толық көлемде өндірілді.
2024 жылы ағаш дайындау және өңдеумен 14 орман пайдаланушы айналысқан. Жалға алушылардың қол астында 200-ден астам адам жұмыс істейді. Жыл сайын цехтарда жергілікті ағаштың шамамен 100 мың текше метрі өңделеді.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, СҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Орман пайдаланушылар ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан. Ғылым қоры қаржыландырып, 600 миллион теңге көлемінде екі грант берілді. Орман шаруашылығы саласына қомақты инвестициялар тартылып, ағаш өңдеу саласында жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Түрік инвесторлары жергілікті ағаштан ламинатталған фанера өндірісін шығарып жатыр.
Былтыр ауа-райы жауын -шашынды болды және мемлекеттік орман шаруашылықтарының тыңғылықты жұмысының арқасында орман өрттері тіркелген жоқ. Биыл көктем ерте келеді деп болжанып отыр. Сондықтан өрт қаупі маусымына дайындық ерте басталмақ.
БАУЫРЖАН АСЫЛЖАНОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІНІҢ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖІНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ КОМИТЕТІ СҚО БОЙЫНША БАСШЫСЫ:
- Орман шарушалығы және жануарлар дүниесі комитеті мемлекеттік орман иеленушілердің өрт қаупі маусымына дайындығын тексеруді наурыздың 10-нан 28-не дейін жүргізу қажеттігін белгіледі.
Президенттің орман ды алқап аумағын арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылы өңірде 24 млн түп көшет отырғызу жоспарланған.