Петропавлдағы «Грация» көркем гимнастика командасы биыл алғашқы бес жылдық мерейтойын атап өтпек. Қазіргі таңда құрамында 6 спортшы бар. Кішкентай гимнасттар осыған дейін түрлі додаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Осы орайда, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының мүшелері команданың жаттығу залына барып, қыздарды жеңістерімен құттықтап, сыйлықтар тарту етті.
АСНУРИЯ АБДУЛА, ТІЛШІ:
- Облысымыздың мақтанышына айналған «Грация» командасы былтыр Шымкент қаласында өткен ҚР Чемпионатына қатысқан болатын. Сайыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған кішкентай спортшыларымыз Ұлттық Құраманың резервтік қатарына қосылды.
Сондай-ақ, кішкентай гимнасттар 2023 жылы Қарағандыда өткен Чемпионатта өңірдің намысын қорғады. 30-дан астам құрама қатысқан додада жерлестеріміз 5-ші орынға ие болды. Солайша, оларға мерзімінен бұрын «Спорт шеберіне үміткер» атағы берілді.
ЖАННА ҒАЛЫМ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Біздің қыздарымыз – облысымыздің мақтанышы деп нық сеніммен айта аламыз. Олардың болашағы өте зор. Әрқайсысы ерекше дарын мен талантқа ие, еңбекқор. Үзбей жаттығу жасайды. Бапкерге де ерекше алғыс. Қыздармен кішкентайынан бастап жұмыс істеп, осындай жетістікке жетулеріне себепші болды.
Команда осыдан бір апта бұрын ғана Астана қаласында өткен қайырымдылық ашық турниріне қатысып, жеңімпаз атанды.
ЕЛЕНА СЕМИДОЦКИХ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:
- Біз бүгін «Грация» командасын жеңісімен құттықтауға келдік. Сондай-ақ, жас спотшыларымызға қолдау көрсетсек дейміз. Олар кішкентай болса да, облысымыздың намысын қорғап жүр. Бұл - мақтауға әбден тұрарлық. Қыздар былтыр «Ұлттық құраманың» қатарына енді. Сол себепті, оларға өзімізбен бірге кішігірім сыйлық әкелдік.
Командадағы спортышылардың бірі – 12 жастағы Динара Бауыржанқызы. Көркем гимнастшы түрлі республикалық сайыстарда жекелей де сынға түседі.
ДАРИНА БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, СПОРТШЫ:
- Мен көркем-гимнастикамен 8 жылдан бері айналысып келемін. Бұл спорт түрінде міндетті түрде тәртіп пен мінез керек. Көптеген сайыстарға қатыстым. Болашақта атақты жаттықтырушы болғым келеді. Мықты спортшыларды жаттықтырып, жарыстарға қатыстырып, көпке танымал болсам деймін.
«Грация» командасы қазір Шымкент және Ақтау қалаларында өтетін жарыстарға дайындалып жатыр.