Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалағымен өткен жұмыс кеңесінде, су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды. Жиында ТЖД, «Қазгидромет» басшылары және селекторлық режимде аудан әкімдері баяндама жасады.
Өңірде инженерлік жұмыс жоспары аясында 109 іс-шара бекітілді. Оның ішінде 8 қорғаныс бөгеті нығайтылды, 80 км бөгеттер мен үйінділер салынды. Автожолдарға 108 су өткізу құбыры мен тюбингтер орнатылды. 10 км су ағызу арықтары мен каналдары тереңдетілді және 4 км шағын өзен арналары, 214 км нөсерлік кәріз жүйесі тазартылып, жөнделді. Ал, бірінші көтергіш сорғы станциясын қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Петропавл су торабы маңында айналма канал құрылысы басталды. Бұл Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Ал, былтыр су шайған Соколовка және Большая Малышка ауылдары маңында өзен арналарының түбін тереңдету және жағалауды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Петропавл қаласы мен 8 аудандағы Есіл өзені мен шағын өзендердің 49 учаскесінде мұз кептелісінің алдын алу мен еріген судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін мұз жарылады.