Өңір полицейлері мен медицина қызметкерлері интернет-алаяқтықпен бірлесіп күресіп жатыр. Былтыр облыста қылмыскерлерден медицина саласының 50 маманы зардап шеккен.
Былтыр облыста интернет-алаяқтықтың 756 фактісі тіркелді. Полиция қызметкерлерінің статистикасына сәйкес, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері негізгі тәуекел топтарының біріне жатады. 50 фактіде медицина қызметкерлері киберқылмыскерлердің құрбаны болған.
Әлнұр Ахмедьяров — СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
- Біз сіздердің басшылықтарыңызбен келісіп, осындай бірлескен іс-шара өткізуді шештік. Мақсат – бірінші кезекте, сіздерді интернет-алаяқтардан қорғау. Осы жерде тұрған денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің басым бөлігі – әйелдер. Өткен жылғы жүргізілген талдауға сүйенсек, интернет-алаяқтықтан зардап шеккендердің 80 пайызы әйелдер болған.
СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жуырда ауқымды акция өткізді, оған 200-ге жуық медицина қызметкері қосылды. Полицейлер оларға үлестірме материал беріп, қажетті кеңестермен бөлісуді үйретті. Бұдан кейін бірлескен ақпараттық топтар Петропавлдың адамдар көп шоғырланатын жерлерінде акция ұйымдатырды.
СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев атап өткендей, алдын алу іс-шараларына белсенді қатысу медицина қызметкерлеріне осындай қылмыс түрінің салдарын тереңірек ұғынуға көмектеседі. Олар пайдалы ақпарат пен дағдыларды қолдана отырып, келешекте әріптестеріне, жақындарына түсіндіре алады. Полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін ауқымды түсіндіру жұмыстарын тұрғындар арасында ұдайы жүргізіп тұрады.