Өңірдің 15 құрылыс компаниясы кәсіпкерлер палатасы заңгерлері және прокурорлардың араласуынан кейін тиесілі 421 млн теңгені алды. Олар былтыр Петропавлда көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлер салды. Қазан айында үйлердің берілуіне қарамастан, көптеген компания өздеріне тиесілі қаражаттың шамалы ғана бөлігін алды. Мысалы, «Ash stroy» ЖШС шарттың жалпы сомасының 25% ғана алған.
Мәселе қаңтар айының соңында облыстық кәсіпкерлер палатасының кеңесінде талқыланды. Жиынға қатысқан «Qyzyljar Asar» қорының директоры Қанат Омаров жобаның негізгі демеушісі – «Kaz Minerals Бозшакөл» компаниясы екенін айтты. Ал соңғы траншты алу үшін кейбір компанияларда электрондық шот-фактуралар жоқ. Нәтижесінде кәсіпкерлер құжаттарды қайта жинайтын болды. Ал қор өкіліне кәсіпкерлермен есеп айырысуға бір апта уақыт берілді. 4 ақпанда қарыз толық көлемде өтелді.