Өңірде полицейлер тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды тексеріп, арасынан заңсыз еңбек мигранттарын анықтады. Рейд кезінде 80-нен астам адам қабылдап-тарату орнына жеткізілді. 

Облыстық Полиция департаментінің жедел қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар жүретін жерлерге жаппай тексеріс жүргізді. Жұмыс хабар-ошарсыз кеткендер мен іздеудегі қылмыскерлерді анықтау аясында өткізілді.Рейд тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың жиі жүретін қатты тұрмыстық қалдықтар полигонынан басталды. Сондай-ақ вокзал маңы, ірі базарлардың айналасы, жылу құбырлары және олардың жүруі мүмкін деген басқа да орындар тексерілді.

Тексеріс нәтижесінде полицейлер Петропавл қ. Полиция басқармасының қабылдау-тарату орнына 80-нен астам адамды жеткізді. Олар дактилоскопиядан өткізіліп, фото-видео есебіне қойылды. Үй-күйсіз жүрген үшеуінің жеке басы анықталғанға дейін қабылдау-тарату орына орналастырылды..

Сондай-ақ полицейлер тексеріс барысында сәйкес рұқсат құжатынсыз «Алтын арман» базарында жұмыс істеп жүрген шетелдік 5 азаматты анықтады. Олар бойынша шешім қабылдау үшін материалдар көші-қон қызметіне жолданды.