Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде балаларды психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істей бастады. Біздің облыста мұндай ұйым былтыр қыркүйек айында іске қосылды. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында құрылған орталықтың жұмысы туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Жалпы, орталық 3 бағыт бойынша жұмыс істейді: консультациялық-дамытушылық, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және онлайн түрде. Алғашқы аталған бағыт бойынша орталық мамандары психоэмоционалдық, мінез-құлық мәселелеріне байланысты психологиялық-педагогикалық кеңес өткізеді.

АЙНҰР НЫСАНБАЕВА, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біздің орталықтың жұмыс істей бастағанына аз уақыт болса да біраз жұмыс атқарылды. Әр бала, ата-ана, мұғалім қажет болған жағдайда көмек сұрай алады. Біз қиындықтарға тап болған балаларға кәсіби көмек көрсетеміз, сондай-ақ олардың ата-аналарына қолдау мен кеңес береміз. Орталықта 8-800-080-8150 немесе 8-800-080-8539 сенім телефоны жұмыс істейді. Оған қоңырау шалу арқылы сіз психолог маманның анонимді және құпия көмегін ала аласыз. Заңгер де қабылдау жүргізеді.

Сондай-ақ, бринфигіде БАҚ өкілдерінің балалар арасындағы зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілерін азайтудағы рөлі де атап өтілді.

МАРИАННА МОРОЖНИКОВА, СҚО ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясының 19-бабы барлық балалардың физикалық немесе психикалық тұрғыдан зиян келтіруден және зорлық-зомбылықтан қорғауға құқығы бар екенін көрсетеді. Біз осыған байланысты өз әлеуетін арттырғысы келетін және балалардың проблемаларына қатысты материал жариялағысы келетін барлық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау дайынбыз. Қосымша ақпарат үшін біздің орталықтың командасына хабарласа аласыз.

Орталықта тәулік бойы сенім телефоны жұмыс істейді.