С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, жазушы, ақын, драматург Мәжит Дәулетбаевтың 125 жылдығына орай «Көрнекті жазушы» атты онлайн дәріс өтті.
Мәжит Дәулетбаев 1900 жылы Петропавлда дүниеге келген. Ол Хасан Пономаревтің медресесінде білім алды. Кейін Сухотин атындағы училищеде орыс тілінде білімін жалғастырды. 1918-1921 жылдары ауылдық мектептерде мұғалім болып қызмет етті. 1921-1925 жылға дейін «Бостандық туы» газетінде жұмыс істеді. 1925-1928 жылдары Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтында білім алып, кейін «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер ретінде еңбек етті.
Мәжит Дәулетбаевтың алғашқы өлеңдер жинағы 1927 жылы «Өлеңдер» және «Мәжит өлеңдері» деген атпен жарық көрді. Сондай-ақ, оның «Жүректен», «Толқында», «Социализм жыры» сынды жинақтары да оқырманға жол тартты. Проза жанрында да өнімді еңбек еткен қаламгердің шығармашылығындағы ең биік шың – «Қызылжар» романы. 1935 жылы жарық көрген бұл туындысында автор Октябрь революциясы қарсаңындағы және революция жылдарындағы Қызылжар қаласында болған тарихи оқиғаларды суреттейді.Романда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен Ақпан төңкерісі кезіндегі халық өмірі көрініс табады.
Өкінішке қарай, әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалдырған талантты жазушы 1938 жылы жазықсыз жаланың құрбаны болды.