Тәуелсіздік күні қарсаңында Айыртау ауданындағы «Әдемі-астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт фермасын іске қосты. Жоба құны – 1,6 миллиард теңге. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауданға іс сапармен барып, жаңа ферманың жұмысын көрді.
Бақыт Құсайынов туған ауылын көркейтуге үлесін қосып келеді. Бүгінде кәсіпкер елді мекенде 29 тұрғын үй салды. Алдағы уақытта медициналық пункт пен демалыс орталығын тұрғызбақшы. Бүгін мұнда 600 сауын сиырға шақталған сүт фермасы іске қосылды.
БАҚЫТ ҚҰСАЙЫНОВ, «ӘДЕМІ-АСТЫҚ» ЖШС БАСШЫСЫ:
- «Бұл менің туған ауылым, осында туып-өстім. 2012 жылы елді мекенге көшіп келіп, құрылысты бастадық. Соңғы 3 жылдың ішінде 29 үй тұрғыздық. Алдағы уақытта да атқарар іс жетерлік. Медпункт, дүкен мен демалыс орталығын ашу жоспарда бар.
Шаруашылықтың асыл тұқымды 600 бас «Голштин» сиырлары бар. Сүт фермасын ашуға 1,6 миллард теңге жұмсалған. Нәтижесінде 30 жаңа жұмыс орны құрылды. «Солтүстік өңір елімізде сүт өндіру бойынша алдыңғы қатарда келеді және бұл бағытты әрі қарай дамыту қажет»,- деп атап өтті өңір басшысы.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- «Жалпы республика бойынша сүт өндіретін облыстардың арасында біз бірінші қатарындамыз. Жалпы қайта өндіру мәселесі бойынша біз бірінші қатарындамыз. Республика бойынша 1 миллион тонна қайта өндірілсе, соның 350 мыңы біздің облысымызда қайта өндіріледі. Ал ресублика бойынша 500 сүт-тауар фермалары болса, 90-ы біздің облысымызда. Биыл 16 сүт фермаларының құрылысы басталып, 10-ын жылдың аяғына дейін бітірейін деп жатырмыз.»
Жаңа кешен ветеринарлық орталықпен де жабдықталған. Ферма толық цифрландырылған, яғни, арнайы құрылғылар арқылы ірі қараның жай-күйін бақылауға болады.
АНАТОЛИЙ СВЯТНЫЙ «DAIRY GLOBAL EXPERTS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:
- «Келісімшарт бойынша Украинадан 512 бас әкелінеді. Алғашқы екі партиясы жетті. Бұл ірі қара сүтті болғандықтан, өнімділігі аса жоғары. Солтүстік өңірдің ауа райына бейімделген».
Шаруашылық жергілікті мәдениет үйіне де көмек көрсетеді. Казанка ауылындағы мәдени-сауықтыру орталығы жөндеуден өткен. Оған 62 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.