Есіл ауданы Петровка ауылында жаңа хоккей корты ашылды. Мұз айдыны ауыл жастарына спортпен шұғылданып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Нысанның ашылу рәсіміне облыс, аудан басшылары, ауыл тұрғындары және спорт сүйер қауым жиналды.

Есіл ауданындағы Петровка ауылының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Бүгін елді мекенде су жаңа хоккей корты ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, заманауи кешеннің таспасын қиды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Ең алдымен сіздерді заманауи хоккей кортының ашылуымен құттықтаймын. Өңірімізде бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Облыс тұрғындарының тұрақты түрде салауатты өмір салтымен айналысулары үшін бар жағдайды жасаудамыз. Мәселен, былтыр облыста 36 спорттық нысан ашылды. Оның 28-і ауылдық елді мекендерде салынған. Петровкада спортты жаны сүйетін жастардың көп екені қуантады. Мына ұл-қыздардың арасынан болашақта ел мерейін асқақтатын спортшылардың шығатынына сенімім мол.

Содан соң өңір басшысы Петровка ауылдық округіне су жаңа хоккей формасы мен құрал-жабдықтарын сыйға тартты. Бұл қолдаудың елді мекенде аталған спорт түрінің дамуына серпіліс беретіні сөзсіз.

Вячеслав Смирнов - спорт саласының ардагері. Азаматтың хоккеймен айналысып жүргеніне 60 жылдан асқан. Ардагер жасы 80-ге жақындаса да спортты тастағысы келмейді. Салауатты өмір салтын ұстанған адам ешқашан қартаймайды дейді. Ол өзі тұрып жатқан аймақта осындай заманауи кешен ашылғанына дән риза.

ВЯЧЕСЛАВ СМИРНОВ, спорт саласының ардагері, Есіл ауданы:

- Мен саналы ғұмырымды спортқа арнадым. Оған еш өкінбеймін. Жасым 80-ге жақындаса да өзімді әлі жас сезінемін. Ауданымызда заманауи хоккей кортының ашылғаны құптарлық жағдай. Осыдан 25-30 жыл бұрын Петровка ауылында хоккей клубы болған. Олар да талай республикалық жарыстарда топ жарған. Елді мекенде аталған спорт қайта жанданады деген сенімдемін. Артымыздан ерген жастар біздің жолымызды қуып, аудан намысын абыроймен қорғаса екен деп тілеймін.

Петровкалық жастарға қысқы спорт түрімен шұғылдануға ашық аспан астындағы хоккей қорабы да, қақаған аяз да, жауған қалың қар да кедергі болған емес. Бірақ, ұл-қыздар бар жағдай жасалған заманауи мұз айдынында жаттықса зор жетістіктерге жететіндері сөзсіз. Араларынан мүмкін болашақта Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайтын имек таяқ шеберлері шығатын да шығар. Мектеп оқушылары хоккей кортының ашылуын асыға күткен.

Салтанатты шара аяқталғаннан кейін Есіл ауданының хоккей құрамасы мен Петропавлдан келген команда жолдастық кездесу өткізді. Ойын шымылдығын өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып берді.

Кешенде керектінің бәрі бар. Барлық заманауи құрал-жарақпен жабдықталған. Нысанда қыс мезгілінде хоккей ойналса, жазда футбол алаңына айналады. Тіпті, мұнда түрлі аудандық, облыстық жарыстарды өткізуге болады. Кортқа ауылдық округтің кез келген ұл-қызы келіп хоккей секциясына жазыла алады. Айта кету керек, облысымызда барлығы - 19 хоккей корты бар. Оның үшеуі өткен жылы қолданысқа берілген.

ОРАЛБЕК ҚОНҚАБАЕВ, Петровка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

- Заманауи нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 335 млн теңге бөлінді. Хоккей корты жарты жылдың ішінде бой көтерді.

Өңір жетекшісі хоккей кортынан шығып, дәл жанында орналасқан Петровка аграрлы-техникалық колледжінде болды. Ғауез Нұрмұхамбетовтың оқу орнына келуі тегіннен тегін емес. Себебі, аталған білім ордасы жұмысшы мамандарын даярлайды. Аймақ басшысы ғимараттың әр кабинетіне бас сұғып, тыныс-тіршілігімен танысты.

ЕРЛАН САЛМҰҚАНОВ, Петровка аграрлы-техникалық колледжінің директоры:

- Колледж 1958 жылы қолданысқа берілді. Бізде болашақ механизаторлар, аспаздар мен сатушылар білім алады. Оқу орнында барлығы - 120-дан астам студент оқиды. 2021 жылы оқу корпустарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 68 млн теңге қаржы жұмсалды. Колледж аудандағы бірнеше серіктестікпен меморандумға отырған. Соның арқасында түлектеріміз оқуды тәмамдағаннан кейін сандалып жүрмей, бірден жұмысқа орналасады.

Петровка - аудандағы шоқтығы биік елді мекендердің бірі. Ауыл жыл сайын қарыштап дамуда. Мұнда тұратын тұрғындар үшін бар жағдай жасалған. Мәселен, былтыр елді мекенде медициналық қосын ашылса, бүгін заманауи спорттық нысан қолданысқа берілді. Бірнеше айдан соң зәулім Мәдениет үйінің таспасы қиылатын болады.