Петропавлда акробатикадан Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Ямпольскийді еске алуға арналған ХІ халықаралық турнир басталды. Үш күнге шақталған спорттық додада 270-тен астам спортшы бақ сынайды. 

Турнир 270-тен аса спортшының басын біріктірді. Ресейліктер мен Өзбекстан спортшылары да қалыс қалған жоқ. Аталмыш турнир акробатика, батутта секіру және шағын трамплиннен секіру бойынша өтіп жатыр.

АНДРЕЙ ЯМПОЛЬСКИЙ, БАС ТӨРЕШІ:

- Бұл турнир тек спортшылардың тәжірибе алмасуына ғана емес, сондай-ақ акробатиканың дамуына ерекше үлес қосқан Анатолий Ямпольскийдің еңбегін құрметтеуге арналған. Ол өз өмірін спортқа арнап, көптеген дарынды шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Лидияның спорттық акробатикамен айналысып жүргеніне 9 жыл. Осы уақыт аралығында ол түрлі құрамда өнер көрсетіп, көптеген байрақты бәсекелерге қатысты. Әрбір жарыста өзінің шеберлігі мен табандылығын дәлелдеп, жүлделі орындардан көрінді.

ЛИДИЯ ЖИГАЛОВА, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ:

- Спорттық акробатика мен үшін жай ғана хобби емес, өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл спорт маған тәртіптілік, табандылық және өз мақсатыма жету жолында ешқашан берілмеуді үйретті. Бұл жарысқа біз бір ай бойы қарқынды дайындалдық, енді еңбегіміздің жемісті боларына сенемін.

Жарыстың соңғы күні жеңімпаздар анықталып, үздік спортшылар медальдармен және грамоталармен марапатталатын болады. Айта кетейік халықаралық турнир үш күнге жалғаспақ.