Сұранысқа ие мамандық – болашаққа деген сенімділік. Құрылысшы, жүргізуші, сантехник, электрик немесе тағы басқа маман иелері біздің өмірімізді жақсартады. Осы мақсатта қаладағы жоғары кәсіптік құрылыс-экономикалық колледжі жыл сайын еңбек нарығына білікті кадрлар даярлап шығарады.
«Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығының 2 курс студенті Владислав Малышкин бала кезінен құрылысқа жақын болған. Сондықтан да осы мамандықты таңдаған.
ВЛАДИСЛАВ МАЛЫШКИН, ПЕТРОПАВЛ ЖОҒАРЫ ҚҰРЫЛЫС-ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:
- Құрылысшы болуды мен бала күнімнен армандадым. Сондықтан қазір осы мамандық бойынша білім алып жатырмын. Өкінбеймін. Себебі біз білікті мамандардын барлығын үйреніп жатырмыз. 2 курста ғана болсамда осы уақытқа дейін құрылысқа байланысты біраз тәжірибем бар.
Оқу орнында 9 мамандық және 16 біліктілік бойынша 1000-нан астам студент оқиды. Оқытушылар құрамына ғылым кандидаттары, магистрлер, жоғары санатты педагогтар, сарапшылар мен зерттеушілер кіреді. Одан бөлек колледжде 15 тен астам зертхана мен шеберхана бар.
АҒЫБАЙ ҚОШЫМБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ЖОҒАРЫ ҚҰРЫЛЫС-ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Бізде дуалды оқыту жүйесі бойынша 360 адам білім алады. Өңіріміздегі кәсіпорындардың барлығы дерлік біздің әлеуметтік серіктесіміз болып табылады. Бұл арқылы студенттер кәсіптік тәжірибе алмасып, сапалы білім алып шығады. Сондай-ақ, кадр мәселесі де оңтайлы шешіледі деуге болады.
Айта кетейік, колледж студенттері кәсіби байқаулардың жеңімпаздары. Бүгінде түлектердің 90% -ы жұмыспен қамтылған. Ал бұл көрсеткіш мамандыққа деген сұранысты арттырып, осы саланы таңдауда ескеретін негізгі факторлардың бірі екенін көрсетеді.