Петропавлда «Мәдениет пен руханият – Қазақстан қоғамында экономика, бизнес, бейбітшілік пен келісімді дамытудағы стратегиялық ресурс» тақырыбында облыстық форум өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктері, дін өкілдері, облыстың қоғам өкілдері қатысып, аудандар бейнебайланыс орнатты.
Қай кезеңде болмасын, мемлекеттің даму сатысында мәдениет пен руханияттың алатын орны ерекше. Еліміздегі 120-дан астам ұлттың бір ту астында бірігуі осы құндылықтың арқасында. Олардың барлығы өздерін өзге емес, қазақстандықпыз деп санайды. Осы тақырыпта Петропавлда облыстағы барлық мемлекеттік органдар мен ұйым өкілдерінің қатысуымен ауқымды форум өтті. Жиын шымылдығын өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов ашты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Мәдениет пен рухани даму - еліміз үшін маңызды бағыттардың бірі. Экономика мен бизнестің дамуына зор ықпал етеді.
Мақтанышпен айта аламыз, солтүстікқазақстандықтар көктемде болған су тасқыны кезінде бірліктің нағыз үлгісін көрсетті. Қай ұлт өкілі болмасын апатты жеңіп шығу үшін күн-түн демей аянбай тер төкті. Осының барлығы атам заманнан қалыптасқан мәдениет пен руханияттың арқасы десек артық айтқандығымыз емес.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, СҚО ҚХА ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары:
- Жастарды руханиятқа тәрбиелеуіміз керек. Еліміздің дамуына рухани бай адам ғана үлес қоса алады.
Алқалы жиында ел бірлігін сақтау мен облысымыздың дамуы үшін зор үлесін қосып жүрген 3 адам марапатталды. Соның бірі - "Дуслык" СҚО татар-башқұрт орталығы" ҚБ төрағасы Наиль Абраев. Азаматқа ҚХА-ның қоғамдық "Бірлік" алтын медалі табысталды.
НАИЛЬ АБРАЕВ, облыстық "Дуслық" татар-башқұрт орталығы" ҚБ төрағасы:
- Орталық мүшелері облысымыздың қоғамдық өміріне белсене қатысады. Өңірде аталып өтілетін Сабантой мерекесін айтпай кетуге болмайды. Бұл мейрамға тек татар-башқұрттар ғана емес, барлық ұлт өкілдері жиналады. Этномәдени бірлестік өкілдері қиын кезеңдерде де көмегін аяған емес. Облыстық ҚХА-ның құрамында болғанымызға еш өкінбейміз. Жалпы, ұйымда 80-ге жуық адам бар. Әр ауданда филиалдарымыз жұмыс істейді.
Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов төл құндылықтарымыз бен мәдениетіміз дәріптелетін шаралар көптеп өткізілуі тиіс екендігін жеткізді. Айта кету керек, облыстық ҚХА құрамында 24 этномәдени орталық бар. Өңір басшысы әр ұйымның жетекшісіне өз алғысын білдірді. Жиын соңында ауқымды форумға қатысушылардың барлығы естелікке суретке түсті.