Петропавлдағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында амбулаториялық оңалту орталығы ашылды. Медициналық мекемеде нейроортопедиялық ақауы бар балалар көмек алады. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева мен Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан қатысты. Орталықтың жұмысы туралы әріптесім тарқатып айтады.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 2300-ге жуық баланың нейроортопедиялық ауытқуы бар. Мәселені біржақты ету мақсатында көпсалалы облыстық балалар ауруханасының базасында амбулаториялық оңалту орталығы ашылды. Мекеме «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорлары мен «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен іске қосылды. Жыл сайын орталықта 1 айдан 18 жасқа дейінгі 1 900 бала оңалтудан өтеді деп жоспарлануда.

Ғауез Нұрмұхамбетов, СҚО әкімі:

- Бүгінгі таңда облыста бұл ауруға шалдыққан балаларымыздың даму ерекшеліктеріне жергілікті атқарушы органдар тиісті назар аударуда. Облыстың бес медициналық мекемесінде оңалту, амбулаториялық оңалту жұмыстары жүргізілуде. Оңалтуды жүргізу 56-57% қамтиды. Дәл осы орталықтың ашылуы қуантарлық жағдай деп ойлаймын. Бұл оңалту орталығы тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалар үшін педагогикалық, әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық шаралардың барлығын қамтиды.

Оңалту орталығына барлығы 300 млн-нан астам қаражат құйылған. Күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 106 млн, аурухана тарапынан 25 млн теңге бөлінген. «Қазақстан Халқына» қоры орталықты сапалы, заманауи және жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 241 млн теңге жұмсады.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары:

- Президентіміз оңалту мәселесі бір қадам жақын болып керек деп айтқан. Біз 19 аудандық орталықтар деген бағдарламамызды бекіттік. Оның ішінде СҚО-да бар. Жергілікті әкімдіктің ұсынысымен Тайынша ауданындағы нысанның барлық құжатын реттеп отырмыз. Дайын болған соң сол жерге де тура осындай орталық ашып береміз.

Ерте араласу орталығында алғашқы жетістіктер де бар. Мұны ерекше баланың анасы Александра Игишева растап отыр. Әйелдің баласы церебральды сал ауруымен ауырады. Орталыққа келгелі бала дамуында оң нәтиже бар екенін айтады.

Александра Игишева, Петропавл тұрғыны:

- Мұнда бала өмірін бірсыпыра жеңілдететін көптеген жабдықтар бар. Яғни оған қайтадан жүруді, басқа балалармен қарым-қатынас жасауды, қарым-қатынас жасауды үйренуге көмектесетін тренажерлардың үлкен ассортименті бар. Егер, мысалы, балада спастика болса, өзін жайлы сезінуге көмектеседі, балаға демалуға мүмкіндік береді. Әрине, біз үлкен нәтиже көріп отырмыз. Біздің диагнозымызды церебральды сал ауруы бар. Кез — келген кішкентай жетістік-бұл біз үшін үлкен жеңіс. Мұнда біз бас ұстауды, жүруді үйрендік. Балама бәрі ұнайды, ол өте риза.

Ем-дом шаралары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен тегін жүргізіледі. Орталық ауысымына 125 баланы қабылдауға қауқарлы. 250 мыңнан астам қызмет бар. Медициналық көрсеткіштер бойынша балалар жылына бірнеше оңалту курстарынан өтеді. Орталықта оларға медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі.

Нұрлан Айманов, көпбейінді облыстық балалар ауруханасының директоры:

- Бұл бөлімше қор әзірлеген эскиздік жобаға сәйкес қайта құруға, қалпына келтіруге байланысты ашылды. Әрине, біздің бөлім 1986 жылдан бастап жұмыс істейді, ал 1998 жылдан бастап біз абилитациямен айналысамыз, бірақ көмек көрсету бөлімшенің аумағы кішкентай болды. Жаңа орталықта сумен емдеу бар. Шунгит бөлмесі, тұз бөлмесі, әртүрлі механотерапия аппараттары, биологиялық кері байланыс аппараттары, жаттығу залдары, яғни халықаралық деңгейдегі оңалтуға сәйкес келетін барлық жабықтар талаптарға сәйкес келеді. Бұл сонымен қатар балаларды оңалту саласындағы халықаралық сарапшылардың ұсыныстары. Біз жылына екі мыңға жуық баланы оңалтамыз, сонымен қатар бір жасқа дейінгі дені сау балаларға дамуға тез бейімделуге көмектесеміз, атап айтқанда жүру, басу, бұрылуға үйретеміз.

Айта кету керек, «Қазақстан Халқына» қорының қолдауымен елдің 6 өңірінде осындай оңалту орталықтары ашылады. Бүгінгі күні оның 5-шісі Солтүстік Қазақстан облысында іске қосылды.