Петропавлда өнер колледжінің директоры, тәжірибелі педагог Рауза Қашенованың 65 жылдық мерейтойына орай концерт өтті. Ақан Сері атындағы облыстық филармонияның сахнасында оған шәкірттері, әріптестері мен достары шынайы құрмет көрсетіп, жүрекжарды құттықтауларын жеткізді. Кештің әсерлі сәттері жайлы біздің тілшіміз баяндайды.

Рауза Қашенова — Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, білім беру ісінің үздігі. 1980 жылы Петропавл музыкалық училищесін, 1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 2005 жылдан бері Петропавл өнер колледжін басқарып келеді. Шәкірттері арасында танымал өнер иелері көп. Солардың бірі — тәлімгерінің жолын қуып, 13 жылдан бері академиялық вокалдан сабақ беріп келе жатқан Мұрат Ибраев.

МҰРАТ ИБРАЕВ, Р. ҚАШЕНОВАНЫҢ ШӘКІРТІ:

- Рауза Әбутәліпқызы маған өте көп тәлім-тәрбие берді. Вокалдық музыканың қыр-сырын көрсетіп, үйретіп жүрген адам. Қазіргі таңда да ол сол жолдан таймай, маған ұстаздық етіп келеді.

Рауза Әбутәліпқызы – өнер саласындағы биік жетістіктермен танылған тұлға. Ол көптеген фестивальдер мен байқаулардың жеңімпазы. Оксфорд университетінің құрметті профессоры. 1998-2001 жылдары Нидерландта симфониялық оркестрмен концерттер беріп, шетел көрерменін тәнті етті. 1998 жылы «Бельканто» халықаралық байқауының қазылар алқасына төрағалық етті. Әлемдік классиктердің туындыларын шебер орындап, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленген жан.

РАУЗА ҚАШЕНОВА, Е.СЕРКЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР КОЛЛЕДЖІ-ӨНЕРДЕ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Әр сахнаға шығу — біз үшін, педагогтар мен оқушылар үшін үлкен оқиға. Біз — ерекше маманданған оқу орны болғандықтан, оқу-тәрбие жұмыстарымен қатар концерттік іс-шараларды да белсенді түрде ұйымдастырамыз. Әр концерт — балаларымыз үшін баға жетпес тәжірибе, өнерге жол ашатын үлкен мүмкіндік.

Айта кету керек, бүгінгі концертке колледждің барлық оқушылары мен педагогтары белсене қатысып, өнерлерімен жиналған қауымды тәнті етті.