Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында әлеуметтік осал топтарға арналған жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Баспаналы болғандардың ішінде көпбалалы аналар да бар. Тұрғын үйлер барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қоныс тойда болған тілшіміз тарқатсын.

Саумалкөл ауылында бой көтерген бұл үйлер республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен сатып алынды. Сегіз баспанаға шамамен 118 млн теңге жұмсалды, яғни әрқайсысы 16 млн теңге тұрады. Бірақ бүгін қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындарға тегін берілді.

Салтанатты іс-шара барысында көп балалы және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған үш отбасыға жаңа үйдің кілттері табыс етілді. Солардың бірі — 2018 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы ана Алтын Төлетаева.

АЛТЫН ТӨЛЕТАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

- Міне, бүгін қуанышты жағдай болып жатыр. Бүгін біз үш бөлмелі үйдің иесі болдық. Біріншіден, әкімшілікке және мемлекетімізге үлкен рақмет. Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп отыр, жаңа жылдың қарсаңында осындай сыйлыққа ие болдық. Енді, жаңа жылымызды жаңа үйде қарсы алатын боламыз.

Мердігердің айтуынша, бұл үйлерді салуға 2 ай уақыт кетті. Құрылыс жұмыстары барысында заманауи материалдар қолданылып, техникалық талаптар ескерілді, әр үйдің сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді.

МҰРАТ ЖҰМАҒАЛИЕВ, «ПЛАЗА» ЖК ДИРЕКТОРЫ:

- Бұл жоба бізге үлкен жауапкершілік жүктеді, өйткені біз тек үй салумен ғана шектелмей, адамдардың өмірін жақсартуға ат салыстық. Бүгін жаңа қоныс иелері қуанышпен өз үйлеріне кіріп жатыр, бұл біз үшін ең үлкен жетістік.

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, тағы 5 үй сатып алу жоспарланып отыр. Ол баспаналар несие арқылы берілмек. Жалпы қазіргі уақытта Айыртау ауданында 900 адам тұрғын үй кезегінде тұр, олардың 119-ы – көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі жандар.