Петропавлда каратеден құрама командалар спортшыларына арналған оқу семинары өтті. Жиында жаттықтырушылар мен спортшылар годзю-рю, каратэ-до және кобудо бойынша техникалық-тактикалық дайындықтарын жетілдірді. Кейін Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Республикасының кубогы өтті.

Қазақстанның ең мықты спортшылары жарыста бірнеше бағыт бойынша бақ сынасты: ката, кобудо, шобу кумите және ирикуми Джу. Жаттықтырушы Евгений Максимовтың тәрбиеленушілері қарсыластарынан баса озып, кубоктың көшбасшысы атанды.

ӘСИЯ ҚАЙЫРЖАНОВА, ГОДЗЮ-РЮ КАРАТЭ-ДО БОЙЫНША ҚР КУБОГЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

- Мен Қазақстан кубогында 5 медаль 1 күміс және 4 алтын иелендім. Маған өзім айналысатын спорт түрі ұнайды. Негізі, анамның қалауы бойынша қатыса бастағанмын.

Ернар мен Константин өзі қатарлы спортшылардың алды. Балалар Пеньково орта мектебінде оқиды және сол жерде жаттығады. Дайындық үшін облыс орталығына да келіп тұрады. Кубокта бұл спортшылар бірден бірнеше марапатқа ие болған.

КОНСТАНТИН ГОМЕРМАЙСТЕР, ГОДЗЮ-РЮ КАРАТЭ-ДО БОЙЫНША ҚР КУБОГЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

- Мен мейбукан годзюр каратэмен 5 жылдан бері айналысамын. Жақында өткен сайыста 5 жүлделі орын алдым. Қарсыластарым осал болған жоқ. Барлығы мықты. Бірақ мен де көп дайындалғаанымның арқасында, жеңіске жеттім.

ЕРНАР ЖЕЛДІБАЕВ, ГОДЗЮ-РЮ КАРАТЭ-ДО БОЙЫНША ҚР КУБОГЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

- Менің каратемен айналысқаныма 4 жыл болды. Бұл жолғы жарыста 4 жүлдеге ие болдым. Оның 3-еуі алтын, 1 –еуі қола. Қарсыластарымның дайындығы көрініп тұр. Біз де есемізді жібермедік.

Нәтижесінде турнирде жергілікті спортшылар жеңімпаз атанса, күміс медальды алматылықтар алып, үшінші орынға Қостанай облысының командасы жайғасты.