Петропавлда облыстық мәслихаттың кезекті жиырмасыншы сессиясы өтті. Депутаттар 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті бекітті. Мәселен тек білім беру саласына ғана 158 млрдтан астам теңге бөлінбек. 

Республикалық бюджеттен өңірге берілетін бюджеттік субвенциялар көлемі 2025 жылы 330 млрд теңгеден асады. Облыстық бюджеттің түсімдері 62 млрд. 770 млн. теңге көлемінде жоспарланған. Салалар бөлінісінде денсаулық сақтауға 11 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның ішінде медициналық-әлеуметтік мекемелерді ұстауға-7 млрд теңге бөлінді.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- "Білім беру" саласына 2025 жылға арналған бюджеттің болжамы 158 млрд. 243 млн. теңгені құрады. Бұл қаражаттың 102 млрд. 787 млн. теңгесі мемлекеттік білім беру ұйымдарында бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Келер жылы "Спорт" саласын дамытуға жалпы облыс бойынша 13 млрд.241 млн. теңге көлемінде бюджет қаражаты көзделген. Ал өңірде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге 1 млрд. 141 млн. теңге көлемінде бөлінеді деп жоспарланған.

Депутаттар ақпаратты қабылдап, бюджетті бекітті. Сессияда басқа да бірқатар мәселе қаралды.