Биыл мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына 30 жыл. Осыған орай Петропавлда «Қазақстанның аймақтарындағы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру: трендтер мен перспективалар» атты аймақтық конференция өтті. Іс-шараға қатысушылар мемлекеттік қызметтің әрі қарай даму жолдары мен алға қойған мақсаттары жайлы сөз қозғады.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы құрылған болатын. 2017 жылдан бастап әр өңірде филиалдары ашылып, қызметшілер кәсіби біліктіліктерін арттырды. Академияның СҚО бойынша филиалының базасында Ақмола және Қостанай облыстарының филиалы бірлесіп конференция өткізді.

ЛАУРА ҚАЙЫРЖАНОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ СҚО БОЙЫНША ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Білікті мамандар бүгінгі конференцияда өз тәжірбиелерімен бөлісті. Белгілі бағыттарда білімдері терең сарапшылар мемлекеттік қызметшілерге шешім шығара білу, көшбасшылық сынды қасиеттерін дамытуға бағытталған жұмыстарды жүргізді.

Іс-шарада мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерін дамыту ерекшеліктері, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Академияның маңызы өте зор. Осындай конференция форматында іс – шаралар өткізу арқылы өзекті мәселерді талқылауға болады. Осы үшін аудандардан да мемлекеттік қызметшілер келіп отыр. Қазір біз мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін жастардың санын көбейтіп, оларға үлгі-өнеге болуымыз керек.

Іс-шара барысында қатысушылар бірқатар ұсыныстар дайындаған болатын. Ол конференцияға қатысушы барлық ұйымдардың сайттарында орналастырылатын болады.