Облыстық Қызылжар креатив орталығында өңірдің тәжірибелі мамандарымен ақпараттық-танымдық кездесулер ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП жатыр. Соның бірі журналист, блогер Закиржан Мамлютовпен өтті. «Хоббиден табысқа» деп аталған шеберлік сағатында жастар ұялы телефон арқылы табыс табудың жолын үйренбі. Әріптесім тарқатып айтып береді.

Қазір ұялы телефон арқылы барлық шаруамызды оңай шешеміз. Одан қалды жастар арасында ақша табудың құралына да айналды. Бүгінгі қатысушы Мадина Кемікбаева болашақ химия-биология пәнінің мұғалімі. Қазір бос уақытта СММ саласында да бағын сынап жүр. Алғашында тек қызығушылықпен видео түсірсе, қазір ол табыс көзіне айналған.

МӘДИНА КЕМІКБАЕВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Алғашында бұл тек қызығушылық еді, бұрыннан әдемі видео түсірген ұнайтын. Кейін бұл маған алғашқы табысымды әкелді. Әрине, салаға қызығушылығым арта түсті. Мұндай шеберлік сағаттары тәжірибені арттыруға сеп.

Зәкіржан Мамлютов кездесуде жастарға ұялы телефон арқылы сәтті кадрлар түсіріп, табыс табуды үйретті. Шеберлік сағатының мақсаты - хоббиді табыспен ұштастыру.

ЗӘКІРЖАН МАМЛЮТОВ БЛОГЕР:

- Менің мақсатым жастарды ұялы телефон арқылы табыс табуға үйрету. Өздері қызығушылық танытып жүрген хоббилері табыс көзі екенін үйреткім келеді. Ол жәй видео болсын, документалды видео болсын маңызды емес. Осы арқылы кез келген адам өзін жарнамалай алады. 1 сағатта бәрін үйретемін деп айта алмаймын, алайда қалай бастау қажет, қай жолмен жүрген дұрыс деген сұрақтарға жауап бере аламын деген ойдамын.

Шеберлік сағатына бүгін 20-ға жуық адам қатысты. Осы іс-шарадан кейін қызығушылық танытқан қатысушы желтоқсан айында өтетін жиында өз жобасын қорғап, орталыққа резидент бола алады.