Дүниежүзілік Балаларды қорғау күніне орай Петропавлдағы «Балабақша – мектеп - интернат» арнайы кешенінде ашық есік күні өтті. Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған білім ордасында қазір 100-ге жуық бала оқиды. Бұл жолы келушілер үшін ашық сабақтар, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Балаларды қорғау күні 20 қараша күні атап өтілді. 1959 жылы дәл осы күні Біріккен Ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы «Балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету» мақсатында Бала құқықтары декларациясын қабылдады. Мереке барша халықты кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғауға шақырады. Осыған орай «Балабақша – мектеп - интернат» арнайы кешенінде ашық есік күнін өтті. Іс-шараға балалар мен ата-аналар шақырылады.
ЖЕҢІС ӘБІЛМӘЖІН, «БАЛАБАҚША-МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ» АРНАЙЫ КЕШЕНІ» КММ ДИРЕКТОРЫ:
- Балаларды қорғау күніне орай бізде ашық есік күні өтіп жатыр. Аудан, ауылдардан ұстаздар келіп тәжірибе алмасып жатыр. 6 ашық сабақ, сондай-ақ арнайы шеберлік сағаттары өтеді. Есту қабілеті бұзылған оқушыларымыздың жетістіктерін көрсетеміз.
Арнайы кешен мұғалімдері жиналған сурдопедагогтерге, логопед және дефектологтарға арнайы ашық сабақ өткізді. Солардың бірі Наталья Пургина 30 жылдан бері есту қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істейді. Ерекше оқыту қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу қиын, әрі өте маңызды дейді ол.
НАТАЛЬЯ ПУРГИНА, «БАЛАБАҚША-МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ» АРНАЙЫ КЕШЕНІ» КММ МҰҒАЛІМІ:
- Түзету сабақтарында біз оқушыларды ритм, темп, интонациямен жұмыс істеуге үйретеміз. Бұның бәрі есту қабілеті бұзылған балаларға үлкен көмек. Тіпті біздің балалар конкурстарда жақсы өнер көрсетіп жүр.
Бұл мектепте барлығы 93 бала оқиды. Олармен 70 мұғалім жұмыс істейді.