Тамыз айының соңында Қозыбаев атындағы жергілікті жоғары оқу орнына академиялық ұтқырлық аясында қытайлық студенттер келген еді. Олар - Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің мал шаруашылығы және технологиялар колледжінің білім алушылары. Бүгін серіктестік аясында теориялық және тәжірибелік білімдерін шыңдаған 22 студентке сертификат берілді.

Сертификат табысталған 22 студенттің 12-і бакалавр, 10-ы магистр дәрежесінде білім алған. Шетелдік қыз-жігіттер 1 семестрдың ішінде өңіріміздегі бірнеше кәсіпорында тәжірибе алмасқан.

ӘЛІБЕК СЕРІКОВ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ ОҚЫТУШЫСЫ:

- Біздің негізгі мақсатымыз - білім беріп қана қоймай, халқымыздың мәдениетімен таныстыру. Бұл бағытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда екі ел арасында ынтымастастық, достық білім беру бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан ең озық тәжірибе алмасу процестерінің бірі.

Сонымен қатар, студенттер үшін орыс және ағылшын тілінен қосымша сабақтар да ұйымдастырылған. Солтүстікте білім алған магистрант Жан Жипенг өз әсерімен бөлісті.

ЖАН ЖИПЕНГ, ҚХР СОЛТҮСТІК-БАТЫС АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАГИСТРАНТЫ:

- Біз мұнда мал шаруашылығы, мал генетикасы, технология, ғылыми зерттеулер негіздерін оқыдық. Қазақстанның мәдениетімен жақынырақ танысып, жаңа достармен таптым. Мен үшін елдің мәдениеті, тарихы, тілі, тіпті тағамдары ерекше болып көрінді. Жалпы жақсы әсер алдым.

Университет Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетімен 2017 жылдан бері әріптестікте жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде Қозыбаев университетіне 60-тан астам қытайлық студент келді. Өткен жылы жергілікті 10 студент Қытайда оқыды. Келесі семестрде білім алушылардың жаңа тобын шетелге жіберу жоспарда бар.