15 қараша - ұлттық валюта күні. Осыған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде "Теңге - тәуелсіздік негізі" көрмесі ашылды. Келушілер назарына көне ақшалар, сондай-ақ алғашқы банкноттар мен монеталар ұсынылды.
30 жылдан астам уақыт бұрын кеңестік рубль жаңа ақша - теңгеге ауыстырылды. Алғашқы ақшалар портрет бейнесімен берілген. Алғашқы банкноттарда Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Әбілқайыр және Абылай хандардың бейнелері болды.
АЙСҰЛУ СӘРСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ МАМАНЫ:
- Дизайнерлер белгілі бір тарихи тұлғаның келбетін жасауда өз кезегінде бірқатар қиындықтарға тап болған. Ол үшін архивтерде біраз тер төгу керек болды. Әл-Фарабидің портретін Кеңес одағының ғылым академиясы канонизациялаған. Сүйінбайдың бейнесі Әбілхан Қастеевтің жұмыстарынан, ал Абылай ханның портреті дереккөздерден алынды.
Ұлттық валютаға "теңге" атауы берілді. Бұл - ортағасырлық "денге" немесе "таньга" түркі күміс монеталарынан шыққан. 1993 жылдың 15 қарашасынан бастап теңге айналымға енді. Бұл күн ұлттық валютаның ресми күні болып саналады. Бүгінгі таңда теңге тәуелсіздіктің экономикалық негізі және егемендіктің символы.
АЙСҰЛУ СӘРСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ МАМАНЫ:
- Алғашқы теңгені британдық фирма жасап шығарған.. Бұл ең көне ағылшын фирмасы және теңге шығарғаны үшін олар Елизавета 2-ші патшайымның қолынан "Алтын сапа белгісін" алды. Біздің теңгеміз халықаралық деңгейдегі танымалдылыққа ие. Айта кетейік, теңгенің 18 қорғаныс дәрежесі бар. Ол түссіз әйнектен, люминесцентті бояудан, көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгіден тұрады.
Бұдан басқа, Қазақстанда түсті металдардан, алтын мен күмістен ұлттық валюта монеталары шығарылады. Қазақстан теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласында құрылды.
АЙСҰЛУ СӘРСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ МАМАНЫ:
- Қазақстандық теңге сарайы ең үздік бес монета сарайлары қатарына кіреді. Сондай ақ ол басқа мемлекеттерге де монеталар әзірлеЙДІ. Мысалы, Беларусь Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан үшін. Сондай-ақ, теңге сарайы танталдан монеталарды жасау әдісін игерді. Тантал табиғатынан өте қатты металл.
Айта кету керек, теңге әлемдегі жақсы қорғалған валюталардың қатарына кіреді. Әрі ең әдемі банкноталардың бірі саналады.