Ауыл оқушыларының жалпы пәндерден республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Екінші рет өткен білім сайысына биыл 400-ден астам бала қатысты. "Қызылжар Дарыны" орталығы жүлдегерлерді марапаттап, қалған қатысушыларды да ескерусіз қалдырмады. Тілші толықтырсын.
Ауыл мектептерінің оқушылары республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде екі күн бойы бақ сынады. Оның қорытындысы бойынша 133 жүлделі орын анықталды. Жеңімпаз оқушылар еліміздің беделді жоғары оқу орындарының білім беру грантына ие бола алады.
БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА"ҚЫЗЫЛЖАР ДАРЫНЫ" ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ДАРЫНДЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ" КММ ДИРЕКТОРЫ:
- Олимпиадада жергілікті университеттің профессор-оқытушылар құрамы қазылық етті. Балалар олимпиадалық тапсырмаларды, тесттерді 13 пән бойынша орындады. Айыртау, Ғ.Мүсірепов және Қызылжар аудандарының оқушылары жақсы нәтиже көрсетті.
1 орын алғандардың қатарында Давид Габов бар. Ол Тимирязев ауданынан келді.
ДАВИД ГАБОВ, 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ, ТИМИРЯЗЕВ АУДАНЫ:
- Үздік нәтиже көрсеткеніме қуаныштымын. Енді республикада бағымды сынап көремін. Маған биология пәні ұнайды, болашағымды осы саламен байланыстырғым келеді.
Жеңімпаз балаларға дипломдар, медальдар және ескерткіш сыйлықтар табысталды. Республикалық кезеңге бірінші орын алған оқушылар қатысады.