Домбыра – қазақ халқының құдіретті ұлттық аспабы. Сарқылмас қазынасы. Адамның көңіл-күйі, қуанышы мен мұңы. Республика күніне орай Назарбаев зияткерлік мектебі дәстүрлі домбырашылар флешмобын ұйымдастырды. Іс-шараға 100-ге жуық өнерпаз қатысты.


Атаулы дата қарсаңында еліміз бойынша барлық Назарбаев зияткерлік мектептері домбыра флешмобын ұйымдастыруда. Мәдени іс-шара киелі аспапты насихаттап, бұл құндылықты өскелең ұрпақтың санасына сіңіруді көздейді.


ДАНИЯР УӘЛИЕВ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Домбыра сабағы кәдімгідей сабақ ретінде мектеп кестесіне енгізіліп, жүргізіледі. Барлық балалар мектеп қабырғасында домбыраны үйренеді. Бұл біздің флешмоб дәстүрлі түрде жыл сайын өткіземіз. Тәрбие жағынан, қазақтың дәстүрін, мәдениетін дәріптеу мақсатындағы үлкен іс-шара.  


Зияткерлік мектебінде 2015 жылдан бастап домбыра үйірмесі жүргізіледі. Өнерпаздар арасында домбырашылар, жетігеншілер, бишілер бар. Ауқымды флешмобқа 100-ге жуық оқушы қатысты.


НҰРЛАН ӘДІЛ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

- Флешмобқа негізі біз өте көп уақытымызды кетірдік. Балалар жан-жақты бұған қызығушылық танытып, өздерін мықты жағынан ғана көрсетуге тырысып жатыр. Жалпы мен өзім домбыраға өте ерте кезден келгенмін. Өзім 3-сыныптан бастап, домбыраға деген ұлттық аспап қатты қызығушылық тудырды. Арнайы мектепке барып жүрдім.


Ансамбль өнерпаздары жиналған қалың көрермен алдында «Ата толғауы», «Адай», «Әлқисса», «Тепенкөк» сынды күйлерді орындады.